Петропавл қаласының орталығында дәстүрлі көктемгі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Өңір аудандарынан 553 тоннадан астам таза, арнайы тексерістен өткен табиғи өнімдер жеткізілді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді және сапалы өнімдер ұсынылды,деп жазады Qazaqstan Media.
Облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі әдеттегідей М. Жұмабаев көшесі бойында өтті. Онда әр ауданнан келген тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Бағалары әрине нарықтағыдан 15-20% арзан.

«Бүгінгі жәрмеңкеге аудандар жақсы дайындықпен келген. Өнім түрлері көп. Ет, сүт, ұн өнімдерінің түр-түрі бар. Бал,балық, көкөністер де әкелген. Барлығы 553 тоннадан астам тауар жеткізілді. Барлығы арнайы тексерістен өткен,таза табиғи өнімдер», — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Тоқкожин.
Таңғы сағат тоғыздан басталған жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың. Әсіресе, етке сұраныс жоғары. Сонымен қатар, картоп пен жұмыртқа сататын сауда нүктелерінің алдында ұзын-сонар кезек. Мұнда 10 жұмыртқа 480 теңгеден сатылса, картоптың келісі 200 теңгеден берілді. Аудандардан келген саудагерлердің саудасы қызып-ақ тұр.
«Ауданнан 7 тоннаға жуық өнім әкелдік. Қой, жылқы, сиыр және шошқа еті бар. 200 келіге жуық ірі қараның етін вакумдық пакеттерге салып әкелдік. Бұл қазір сұранысқа ие тауардың түрі. Сүт өнімдерінің түр-түрін сатуға қойдық. Біздің тауар өндірушілер үнемі жәрмеңкелерге қатысып отырады. Сауда басталғалы бір сағат болса да, біраз тауар сатылды»,- дейді Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев.

Ұлы даланың берекелі жәрмеңкесі деген атпен ұйымдастырылған сауда іс-шарасында қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарламада да ұсымдастырылды.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауыл шаруашылық колледжінде ашық есік күні өтті