Қаңтардың 27-сі екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы маңызды күндердің бірі. Осыдан 80 жыл бұрын дәл осы күні Ленинград қаласы жаудан толығымен азат етілді. Петропавлдағы Қазақстан халқы ассамблеясының ғимараттында осы датаға орай үлкен іс-шара өтті. Мұнда 900 күндік қоршаудың куәгерлері мен концлагерь тұтқыны болған тыл еңбеккерлері марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ленинград қаласын неміс-фашист басқыншылары қоршауда ұстады. Аштықтан 1,5 млн адам қырылды. Бүгінде облысымызда сол қиын қыстау кезеңнің 5 куәгері тұрады. Сұрапыл соғысты өз көзімен көргендердің қатарында қоршаудағы Ленинград тұрғыны Ирина Седельникова да бар. Соғыс басталған жылы зейнеткердің жасы небәрі 5-те болған.
«Соғыс басталып кетті. Бастапқыда анамның жинаған азын аулақ қорымен күнелттік. Кейін Ленинград қаласы қоршауда қалып, ашаршылықты көре бастадық. Әкем бірден майданға аттанды. Содан бері әкемді көрмедім. Анам күні-түні жұмыс істеді. Ағам екеуіміз үйде жалғыз қалатынбыз. Жарылыстың, оқтың, ұшқан ұшақтың дауысы үрейді ұшыратын», -дейді Петропавл тұрғыны Ирина Седельникова.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжиннің айтуынша осындай іс шаралардың маңызы зор. Бүгінгі бас қосуда Ленинград губернаторының өз қолымен жазған хаты да жиналғандардың назарына ұсынылды. Онда Губернатордың қазақ еліне, оның ішінде 314 атқыштар дивизиясына білдірген алғысы жазылған. Еске сала кетейік, соғыс жылдары облысқа барлығы 26 мың Ленинград тұрғыны эвакуацияланған болатын.
«Жерлестеріміз Ленинград қаласын жаудан азат етуге қатысып, ерекше ерлік көрсетті. Біздің өңірде құрылған 314 атқыштар дивизиясы Ленинградты қоршап, фашистерге оны бұзып өтуге мүмкіндік бермеді», — деді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Жиын соңында осы оқиғаның куәгерлері мен концлагерь тұтқыны болған тыл еңбеккерлеріне медальдар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Тағы оқыңыз:СҚО-да балаларды оңалту орталығы ашылады