Петропавлда қала күнін мерекелеу аясында дәстүрлі «Кішкентай Петропавл аруы» атты байқауы өтті. Таланттар мен арулар сайысына 10 қыз қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шаһарда кішкентай қыздар арасындағы сұлулық байқауы бесінші жыл қатарынан өткізілуде. Шараны Петропавл қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет үйі ұйымдастырды. Байқауда іріктеуден өткен 6 мен 9 жас аралығындағы 10 қыз қатысты. Олар сайыс барысында шығармашылық және спорттық қабілеттерін көрсетті.

«Балалар байқауға қуанышпен және ынтамен қатысып жатыр. Сайыс үш турдан тұрады. Бірінші айналымда сән көрсетілімі өтті. Екінші турда шығармашылық нөмір ұсынылады. Онда ән айтылады, би биленеді, кейбірі акробатикалық қабілетін көрсетеді. Ал үшінші тур «Көпұлтты қала» деп аталады, онда арнайы костюм киген қыздар дайындалған нөмірлерді орындайды», деді қалалық мәдениет үйінің маманы Эльмира Алимбекова.
Қатысушыларды бес төреші бағалады. Оның ішінде сән мектептерінің, балалар орталығының, Әйелдер күштері альянсы мен қалалық мәдениет бөлімінің өкілдері болды. Қатысушылар сайысқа тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Бәрі бір-бірінен озады.

Байқауға бір ай бойы дайындалдым. Сайысқа арнайы әдемі көйлек тіктірттім. Поляк мәдениеті жайлы түрлі ақпараттар айтып, аталған ұлттың өлеңдерін айтатын боламын. Мақсатым — тек жеңіске жету»-, байқауға қатысушы Айзере Ерік.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі Ойқала мен Былғары зауыты кентінде салынған демалыс алаңдарын аралады