Петропавлда этнодизайнер, қолөнер шебері Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты көрмесі ашылды. Ұлттық мұраны жаңғыртып, қазақ әйелдерінің бас киімінің тарихи мәні мен маңызын дәріптеуді мақсат еткен көрмеде 20-дан астам түпнұсқа кимешек көпшілік назарына ұсынылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Кимешек – қазақ әйелінің мәртебесі. Тілек Сұлтан көрме барысында кимешектің әртүрлі үлгілерін көрсетіп, оның тек бас киім ғана емес, белгілі бір жас ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебені білдіретін нышан екенін түсіндірді. Этнодизайнердің айтуынша, қазақ халқында қыз бала дүниеге келген сәттен бастап өмірінің әр кезеңінде 10 түрлі бас киім киеді. Ал кимешек – ана атанған әйелдің мәртебесін білдіретін киім.

Петропавлда «Киелі кимешек» көрмесі ашылды

«Кимешек көшпелі ортада экологиялық әрі моральдық-этикалық талаптарға сай пайда болған. Оның өңірі көкіректі жауып тұратындықтан, бала емізетін аналарға да өте қолайлы болған. Әр рудың, үш жүздің кимешек тігу, кию үлгісі әртүрлі болған. Мысалы, 40 жасқа дейінгі әйелдердің кимешегі қызыл жіппен, 50-ден асқандардікі алтын түстес жіптермен безендірілген. Ал 60-тан асқан аналардың кимешегі ақ жіппен әспеттеледі. Бұл түс таңдау адамның өмір кезеңдерін бейнелейді», – дейді Тілек Сұлтан.

Көрме аясында этнодизайнердің ұлттық нақыштағы киім үлгілері көрсетілді. Дефиле барысында кимешектің төбелік, ою-өрнек сияқты элементтерінің жас ерекшелігіне қарай қалай түрленетіні көрсетілді.

Петропавлда «Киелі кимешек» көрмесі ашылды

Сонымен қатар, ерлердің ұлттық киім үлгісі де көпке шығарылды. Сондай-ақ, кимешек тағу мен шылауыш ораудың әртүрлі үлгілері де таныстырылды.

«Мен тек кимешекті ғана емес, жалпы ұлттық киімді, этномәдениетті жаңғыртумен айналысамын. Соңғы 10 жыл ішінде елде ұмыт бола бастаған кимешекті жаңғыртуға бет бұрдым. Оның түрлері көп. Әр кимешекте әр рудың өз белгісі болған. Кимешекті күнтүспесі немесе шылауыш дейміз, 7-26 метр болған. Ол жас сәбиге жаялық, жарақат алғанға дәке, қайтқан кісіге кебін ретінде де қолданылған»,- дейді бізшебері.

Айта кетейік, Тілек Сұлтанның ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған осындай көрмелері бұған дейін Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шетелдерде көрермен көзайымына айналған.
Біздің өңірдегі көрме облыстық өлкетану мұражайында алтыншы сәуірге дейін болады.

Тағы оқыңыз: Әкімшілік Кодекстегі өзгерістер: жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *