Петропавлда медицина саласына қызығушылығы бар тұрғындар үшін ұйымдастырылған кешкі курстар қарқын алып келеді. Қазір бұл бағдарламада 160 тыңдаушы білім алуда. Сабақтар Ж. Тлеулин атындағы жоғары медициналық колледж базасында өтеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Курстарға қатысу үшін жас бойынша ешқандай шектеу жоқ — есік баршаға ашық. Кешкі бөлімде жас та, үлкен де оқып жүр. Әр студенттің бұл жолға келу тарихы ерекше: бірі мамандығын өзгерткісі келеді, енді бірі қоғамға пайдасын тигізуді қалайды.
«Менің алғашқы мамандығым — есепші. Кейін аспаздықты меңгердім. Түрлі себептермен оқудан алшақтап жүріп қалдым. Бес жыл бұрын облыстық ауруханаға тіркеу бөліміне жұмысқа кірдім. Сол кезден бастап медицинаға деген қызығушылығым артты. Кешкі курс барын білген соң дереу құжат тапсырдым. Қазір — екінші курс студентімін. Әкем ауырғанда қатты қиналдым, содан білім алуға бел будым», — дейді студент Майгүл Жүсіпова.
Колледж педагогтарының айтуынша, кешкі топтардың атмосферасы өте ерекше — өзара құрмет, қолдау және білімге деген шынайы ынта сезіледі.
«Студенттердің жасы әртүрлі болғанымен, көпшілігінің кәсібі, өмірлік тәжірибесі бар. Бізге олар нақты шешіммен келеді. Сабақты да саналы түрде қабылдайды. Мақсаттары айқын», — дейді арнайы пәндер оқытушысы Гүлнар Жаудинова.
Кешкі курстар 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Тыңдаушылар екі мамандық бойынша дайындалады: емдеу ісі және мейіргер ісі. Мұндай формат оқуға ниеті бар адамдарға жұмыс пен білімді қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 200 бала шала туған

