Александр Винокуров атындағы спорт сарайында кекушинкай каратэден ашық турнир өтті. Бұл жарыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Турнирге Петропавл қаласы мен облыстың 7 ауданынан келген 350-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Жарыс 27 салмақ және жас ерекшелігі бойынша өтті. 8 жастан бастап ересектерге дейінгі қатысушылар татамиде өз шеберліктерін көрсетті.

«Бұл турнир – біздің ішкі жарысымыз. Наурыз айында Қазақстан чемпионаты өтті. Қыркүйектен бастап жаңа маусымға дайындық басталады. Сол кезде іріктеу турнирі өтеді. Бұл жарыс оқу-жаттығу жылының қорытындысы ретінде де ұйымдастырылды»,- деп айтты Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының СҚОФ директорының орынбасары Рүстем Байжанов.

Ерасыл Абдрахманов – Петропавл қаласындағы №21 орта мектептің оқушысы. Ол 8 жылдан бері кекушинкай каратэмен айналысып келеді. Спорттағы алғашқы қадамын 1-сыныпта бастаған.
«Каратэмен бала кезімнен айналысамын. Бірнеше жарысқа қатыстым. Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 3-орын алдым, Алматыда 2-орын иелендім. Қазір менде екінші кю – қоңыр белбеу. Болашақта қара белбеу иесі болуды армандаймын»,- деді жарысқа қатысушы Ерасыл Абдрахманов.

Турнирдің басты мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және патриоттық рухты арттыру. Жарыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен марапатталды. Бұл турнир жас каратэшілер үшін үлкен тәжірибе мектебі болды.
Тағы көріңіз: Жаңартылған стадиондағы алғашқы жеңіс: «Қызылжар»ФК өз алаңында «Ұлытау» командасын қабылдады