Петропавлдағы Абай көшесінде жөнделіп жатқан кәріз құбыры 27-ші тамызға қараған түні жарылып, су көшеге ақты. Сөйтіп, маңындағы көпқабатты үйлердің жертөлелерін су басып, қаланың орталығын жағымсыз иіс жайлады. Мамандар құбырдың істен шығуына тұрғындарды кінәлап отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавлда Абай көшесінде жаңартылып жатқан коллектор істен шығып, көшені су басты. Одан қалды, қолқаны қабатын сасық иіс шаһар орталығына жайылды. Ал маңындағы көпқабатты үйлердің жертөлесіне кәріз жүйесінің суы ағып кіріп жатыр.
«Бірінші қабатта сасық иістен тыныс алу мүмкін емес. Маса, шыбын қаптап кетті. Үлкен кісілер далаға шыға алмай отыр. Үйдің сыртында құдықтар бар, олар да суға толып тұр. Біздің ойымызша, жаңа салып жатқан құбырлар суды өткізіп үлгере алмай жатыр. Өйткені, ескі құбырлардың диаметрі 150 см болатын. Қазір оларды 80 см пластик құбырларға алмастыруда. Апат болған жерде жұмысшылар жүргенімен үйдегі суды ешкім сорып жатқан жоқ», — деді қала тұрғыны Раиса Боговик.
Жалпы, Абай көшесіндегі коллекторды жөндеу жұмыстары көктемде басталған. Ол кезде де құбыр жарылып, асфальт опырылған түскен еді. Кейін оны толық ауыстыру үшін бюджеттен ақша бөлініп, жаңарту жұмыстары басталды.
Аталмыш коллектор қаланың орталығын Береке және вокзал маңы аудандарымен байланыстырады. 1966 жылы салынған жүйе әбден тозып, жарамсыз күйге түскен. Мұны «Қызылжар су» ЖШС мамандары растап отыр. Ал осы жолы апаттың орын алуына құбырда шүберек, сүлгілердің кептеліп қалуы себеп болған. Яғни, тұрғындар кәріз жүйесіне ерімейтін тұрмыстық қалдықтарды тастап, бітеп тастаған.
«Қазір суды екі сорғымен сорып жатырмыз. Үйлерге су беру тоқтатылған жоқ. Кәріз де жұмыс істеп тұр. Түнде бригадалар жұмыс істеп, құбырды тазартты. Мұндай жағдай үшінші рет қайталанып отыр. Оған қоса, жаз бойы жауған жаңбыр да өз әсерін тигізуде. Яғни, ол коллектордағы су деңгейінің көтірілуіне септесті. Осылай бірнеше рет болды. Сондықтан жертөлелерде су тұр. Оны сору үшін де бригадаларды жібердік. Халықты қиын сәтте қалдырмаймыз», — деп отыр «Қызылжар су» ЖШС бас инженері Андрей Фомиченко.
Жауапты мамандар су сөндірілмейді дейді. Коллекторды жаңғырту жұмыстары бүгінде Абай көшесі бойымен Назарбаев және Пушкин көшесіне дейінгі аралықта атқарылуда. Аталмыш жобаның қашан аяқталатындығы әзірге белгісіз.
«Қазір төтенше жағдай режимі жарияланған. Онда жоба жұмысының басталуы, аяқталуы деген жоқ. Мердігер компания жұмыс істеп жатыр. «Қызылжар су» серіктестігі қажет болса көмектесіп, суды айдау жұмыстарын жүргіземіз», — деді Андрей Фомиченко.
Тағы оқыңыз: СҚО-да елікті атқан браконьер үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін