Петропавлдық полицейлер көлік тізгіндеген жасөспірімді тоқтатты. Кәмелетке толмаған баланың бір жыл ішінде екінші рет құқық бұзушылық жасағаны анықталды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Заң бұзушы «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды. Петропавлдық тәртіп сақшылары Интернациональный және Смирнов көшелерінің қиылысында Audi автокөлігін тоқтатқан. Рөлде кәмелетке толмаған, яғни көлік құралын басқару құқығы жоқ қала тұрғыны отырған. Бір қызығы, ол бұрын да осындай құқық бұзушылық жасаған. Сондықтан жасөспірімнің заңды өкілі тағы жауапкершілікке тартылды.
«Жол жауапкершілікті талап етеді. Ал басқару құқығынсыз жүру — қозғалыстың барлық қатысушысына қауіп төндіреді», — деп еске салады тәртіп сақшылары.
Жалпы, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы облыста осындай 135 жағдай тіркелген. Басқару құқығынан айырылса да көлікті тізгіндеген 72 жүргізуші жауапқа тартылды.
«Жол қозғалысы ережесін бұзудың сегіз мыңнан астам фактісі анықталды. 155 адам көлікті масаң күйде басқарған», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда найзағай түскен үй жанып кетті