Петропавл қаласының тұрғыны Аяулым Шаданова сегіз баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Көпбалалы ана бүгінде отбасымен бірге қаланың Жұмысшы кентіндегі шағын жалдамалы үйде тұрады. 2018 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Белгілі болғандай атында ауылды жерде баспана бар. Соған байланысты мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай келеді. Өзінің күрделі тұрмыстық жағдайын ол қала әкімі Серік Мұхамедиевтің жеке қабылдауында айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

36 жастағы Аяулым Шаданова шамамен он жыл бойы балаларымен бірге екі бөлмелі жалдамалы үйде күн кешіп келеді. Өзінің жер телімі болғанымен, баспана салуға немесе сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Әйелдің айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуына бірнеше кедергі бар. Банк шоты бұғатталған, ал «Отбасы банк» арқылы несие рәсімдеу үшін қажетті ортақ қарыз алушысы жоқ. Бұрын бұл мәселені ағасы арқылы шешуге үміттенген. Алайда ол 2022 жылы өмірден өткен. Қолдау көрсететін жақын туыстары да қалмаған.

Әкімнен көмек

Қала әкімінің қабылдауында көпбалалы ана тұрақты баспана алу мәселесін шешуге жәрдем сұрады. Оның айтуынша, қазіргі таңда уақытша тұрғын үйдің өзі үлкен көмек болар еді. Ең бастысы – балалардың жылы, жайлы жағдайда тұрып, отбасының жалдау ақысына қаржы жұмсамауы.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қазір қалада Заречный шағын ауданы тұрғындарын көшіру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағдарлама аясында алғашқы 40 отбасы Жас Өркен шағынауданындағы жаңа пәтерлердің кілтін алып, қоныс аударуға бір ай мерзім алған.

Петропавлда көпбалалы анаға Заречный кентінен уақытша баспана беріледі
Петропавлда көпбалалы анаға Заречный кентінен уақытша баспана беріледі

«Қазіргі таңда Заречныйда бұзуға жататын көпқабатты үйлер бар. Бір айдың ішінде сол үйлердің бір бөлігі босайды. Онда барлық қажетті жағдай жасалған – орталық жылу жүйесі, су, электр желісі бар. Сол пәтерлердің бірін сізге уақытша баспана ретінде ұсына аламыз. Ал Заречныйдағы үйлерді бұзу жұмыстары шамамен бір жылдан кейін басталады», – деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.

Әкімнің айтуынша, бұл тұрғын үйлер босай бастаған сайын, уақытша баспанаға мұқтаж отбасылар сол жерге орналастырылады. Бұл – азаматтардың негізгі тұрғын үй мәселесі толық шешілгенге дейінгі уақытша, бірақ маңызды қолдау шарасы.

Еске салайық, Заречный кентіндегі екі қабатты үйлер толық босатылғаннан кейін, жергілікті билік ол аумақта жануарларға арналған панажай ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Петропавлдағы Заречный шағынауданы тұрғындарын көшіру жұмыстары жалғасуда. Жақын арада тағы 50 отбасы Жас Өркен шағынауданындағы 90 пәтерлі жаңа үйден баспана алады. Сонымен қатар, 2026 жылдың жазында заречныйлықтар үшін 172 пәтерлі жаңа көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, жаңа мұз айдыны аренасының маңында тағы бір тұрғын үй салу жобасы дайындалып жатыр. Бұл үйде 117 пәтер болады, оның бір бөлігі де Заречный тұрғындарына беріледі. Қазіргі таңда аталған шағынауданда 266 отбасы тұрып жатыр.

Тағы оқыңыз: СҚО-да зейнеткер өртте көз жұмды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *