Петропавл қаласында интернет-алаяқтарға жәрдемдескен алты адамға сот үкімі шықты. 21 жастағы Роман Сильтиков пен оның бес сыбайласы «жеңіл ақша» табамыз деп, көптеген адамның тағдырын ойрандаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Сот процесі жарты жылдан астам уақытқа созылды. Айыпталушылар шот ашқанын мойындағанымен, өз әрекеттерін заңсыз деп есептемеген. Алайда сот әрқайсысы істің мән-жайын толық түсінген деген қорытындыға келді. Дегенмен олар Қылмыстық кодекстің 262-бабы (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу) бойынша ақталды.
«Айыпталушылардың аса ірі мөлшерде алаяқтыққа көмектескені толық дәлелденді. Әрқайсысының нақты рөлі болған. Барлық банк шоттары қылмыстық мақсатта пайдаланылған. Олар бұл үшін ақша алып отырған. Жеңіл табыс үшін адамдардың тағдырына бейжай қарады», – деді судья Азамат Ашимов.
Сот шешімімен Сильтиков пен Ефименко – 6 жыл 8 айға, Трещев пен Сальхин – 6 жыл 6 айға, Зайцев – 6 жылға, Радченко – 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үшеуі сот залында қамауға алынды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2023 жылдың сәуірінде Роман Сильтиков банк шоттарын үшінші тұлғаларға беру схемасын ұйымдастырған. Ол адамдарды тауып, олардың атына шот аштырған, кейін қолжетімділікті алып, деректерді алаяқтарға жіберген.
Схемаға «дроптар», делдалдар және қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысатындар қатысқан. Алғашында бір шот үшін 5–10 мың теңге төленген. Жалпы келтірілген шығын – шамамен 120 млн теңге.
Жәбірленушілер қатарында зейнеткерлер, дәрігерлер, мұғалімдер мен жұмысшылар бар. Жаңаөзендік машинист – 39 млн теңгеден, СҚО-дағы дәрігер – 37,5 млн теңгеден, Алматыдағы 79 жастағы мұғалім – 25 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған.
Үкім оқылған сәтте сот залында шу көтерілді. Михаил Ефименко шешіммен келіспей, сотты айыптады. Сотталғандардың туыстары да наразылық білдіріп, бір-бірлерінің арасында жанжал шығып, сот орындаушылары араласуға мәжбүр болды. Айта кету керек, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: СҚО-да әлеуметтік нысандардың басшылары антитеррористік қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін жауапқа тартылды


