Петропавлдағы гараждардың бірінен өткен ғасырға тиесілі патрондар табылды. Полицияға оқ -дәріні 89 жастағы қария тапсырды, деп жазады Qazaqstan Media.
Қария гаражын жинау барысында кеңес дәуірінде шығарылған оқ-дәрілерді анықтаған. Калибрі 5,6 миллиметрлік атыс қаруына арналған 150 оқ-дәрі жәшікте болған. Ол патрондарды полицияға тапсырды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл спорттық-аңшылық қару мен оған арналған оқ-дәрілер екен. Ол кезде мұндай заттарды сақтауға рұқсат қажет болмапты. Сондықтан осындай олжалар ескі нысандардан табылып жатады. Бүгінде тіркелмеген ойық ұңғылы қару мен оған арналған оқ-дәрілерді сақтау – қылмыстық жауапкершілікке, ал тіркелмеген тегіс ұңғылы қаруды сақтау – әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Қауіпті заттарды анықтаған кезде ерікті түрде ішкі істер органдарына тапсыру керек. Биыл Солтүстік Қазақстанда заңсыз айналымнан 139 тіркелмеген қару бірлігі тәркіленді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да шетелдік азамат жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен