Елді аралап жүріп, зиянды заттар жасап, қару сақтап, бірге есірткі қолданған. Жас жұбайлар – Кирилл мен Антонина Гречкосейдің романтикалық сапарларын петропавлдық полицейлер тоқтатты, деп жазады Qazaqstan Media «ВРЕМЯ» басылымына сілтеме жасап.

Көкшетау-Петропавл

Биыл маусым айында 26 жастағы Кирилл мен 27 жастағы Антонина Көкшетаудан Петропавлға жолға шыққан. Оларды «Telegram»-дағы «TheBig/Evil/Boss» деген лақап атпен жүрген куратор жіберген. Петропавлда олар синтетикалық есірткінің 60 түйіншегін тарату керек болған. Куратор Антонинаға «тауар» жасырылған орындардың нақты координаттарын және фотосуреттерін жіберген.

Сол орындардың бірі – айналма жолдағы  гараж. Сол жерде ерлі-зайыптылар синтетикалық есірткі салынған түйірді тауып алады. Тауарды алған соң олар «Лина» қонақүйіне барып, бір аптаға жуық тұрады. Тергеу мәліметінше, осы уақыт ішінде олар Петропавл қаласында есірткі жасырған.

Дәл осы кезде қалада «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. 24 маусымда полицейлерге күдікті жұп туралы ақпарат түседі. Антонина №8 орта мектеп маңында ұсталған.

«Рұқсатсыз жеке тінту кезінде Гречкосей А. А.-дан қара орғашпен оралған жеті түйір ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленді», – делінген қылмыстық іс материалдарында.

Одан кейін қонақүй нөміріне де тінту жүргізілді. Полиция қызметкерлері шағын бөлмеден төрт банк картасын, екі қорап оқ-дәріні, тапаншаға ұқсас екі затты және аса ірі көлемдегі 5,28 грамм синтетикалық есірткі салынған пакеттерді тапқан. Сотта Антонина кінәсін жартылай ғана мойындады. Оның айтуынша, табылған есірткілер таратуға емес, жеке қолдануға арналған.

Сатушыны алдамақ болдық

Ал Петропавлға ол күйеуіне «жолсерік болу үшін» ғана барған. Айтуынша, Кирилл бұрынғы әріптестерімен кездескісі келген.

Кейін Антонина тіпті деректі фильмге ұқсас жаңа нұсқасын айтты: сөзінше, интернет-дүкеннен ұрланған есірткіні тауып алып, күйеуімен бірге сол адамды алдап кетпек болған. Яғни олар сатушыны шатастыру үшін қолдан тарату жасап жүрген. Антонина олардың «есеп үшін» ғана  кураторға фото жіберіп, кейін есірткіні қайта алып отырғанын мәлімдеді.

Келіншек тапаншалар жөнінде де түсінік берді: олар иттерді қорқыту үшін қажет болғаны-мыс. Ал тінту кезінде табылған ондаған оқ-дәрі де тек «қорғаныс мақсатында» сақталғанын айтты.

Осыған қарамастан, жұптың күнкөрісіне ақшалары жеткілікті болған. Антонина жеке кәсіпкерліктің директоры, ал Кирилл сол жерде инженер-техник болып істеген. Компания Астанадағы дүкендерге және Көкшетау мектептеріне бейнебақылау орнатумен айналысқан. Тапқан табысын Кирилл криптовалютаға айналдырып отырған.

Сотта ол да кінәсін тек жартылай мойындап, есірткіні таратпағандарын, тек жеке пайдалану үшін сақтағандарын айтты. Бұл анағұрлым жеңіл жаза қарастыратын нұсқа. Антонина мен Кирилл ерекше ірі көлемде есірткіні сақтау және тарату, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ретінде кінәлі деп танылды. Петропавл қалалық сотының судьясы Азамат Әшімов  ерлі-зайыптыларды жеті жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға пайдаланылған мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Жазаларын олар қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады, бірақ әртүрлі мекемеде.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны азайып келеді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *