9 қаңтарда Петропавл қаласының полицейлері есірткі заттарын жасырын таратты деген күдікпен екі жас азаматты ұстады. Олардың біреуі – студент, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тәртіп сақшылары 21 жастағы ер адамнан кристалл тәрізді α-PVP есірткісін тапты. Полицейлер одан жалпы салмағы шамамен 70 грамм болатын 30 орамды тәркіледі. Екінші күдікті Петропавл қаласындағы колледждердің бірінде оқитын студент. Жеке тінту барысында одан осыған ұқсас зат салынған, жалпы салмағы 40 грамға жуық 31 орам табылды.
«Аталған екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тәркіленген заттар сараптамаға жолданды. Күдіктілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, — деп мәлімдеді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткі сатты деген күдікпен 69 адамды ұстады. Олардың ішінде 25 жасқа дейінгі 40 азамат болған.
Тағы оқыңыз: «Құлагер» ХК кезекті жеңісіне қол жеткізді

