Петропавлда есірткі тараттты деген күдікпен жігіт пен қыз ұсталды. Олардан полицейлер жалпы салмағы 129 мефедрон мен α-PvP психотроптық заттарды тәркіледі, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Күдіктілерді тәртіп сақшылары қазан айында құрықтаған болатын. 32 жастағы петропавлдық жігіт пен 19 жастағы студент қыз синтетикалық есірткі таратты деген күдікке ілінді. Полицейлер оларды ер адамға тиесілі Mercedes автокөлігінде ұстады. Автокөліктен психотроптық зат салынған 30 түйіншек тәркіленді, тағы 72 түйіншек күдіктілерден өздерінен табылды.
Қыздың тұрғылықты жерінен 27 грамм есірткі табылды. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары ер адам жұмыс кеңсесінен бұрын ішінде ұнтақ тәрізді зат болған бос зип-лок қалташаларын тапты. Жалпы барлығы 129 грамм мефедрон және α-PvP психотроптық заттары тәркіленді.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қылмыстың бастамашысы қыз болғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер күзетпен қамауға алынды. Есірткіні аса ірі мөлшерде өткізу үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп нақтылады СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Тағы оқыңыз: СҚО дәрігерлері италиялық маманмен бірлесіп үш науқасқа күрделі ота жасады