Петропавлда СПА-салонын жезөкшелердің ордасына айналдырып, пайда тапқан 42 жастағы жігіт сотталды. Ол облыс орталығында ОАSIS атты салон ашып, онда қыздар клиенттерге боди-массаж жасап келген. Бұл пайдалы кәсіпті ішкі істер органының бұрынғы қызметкері ұйымдастырған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қылмыстық іс Петропавл қалалық сотында қаралды. 42 жастағы шалақындық Руслан Тілемісовке ҚР ҚК-тің 309 бабы 1 бөлігі бойынша айып тағылды. Яғни, жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлықпен айналысу.
Руслан Тілемісов ОАSIS массаж салонын ЖШС ретінде 2022 жылы 14-ші шілде күні әділет органдарында тіркеген. Ол Петропавлда Совет көшесіндегі ғимараттардың бірін жалға алып, ісін бастаған. Салонды табыс көзіне айналдырған ол, притон ұйымдастырып, жезөкшелік бизнесін дөңгелеткен.
Бөлмелерді қараңғылатып, шамдар орнатып интимдік атмосфера жасап, кереует пен түрлі жабдықтарды сатып алған. Жуынатын бөлмелерге дейін арнайы жасатқан. Ал салон әкімшісі болып Дина есімді қыз тағайындалады. Ол Қарағанды қаласынан жұмыс табу мақсатында Петропавлға келген.
«Петропавл қаласына келгеннен кейін мені салон директоры Руслан Тілемісов қарсы алды. Салонда Алена атты әкімші және массаж жасайтын қыздар болды. Олар өздерін Регина, Зарина, Дана, Ясмина деп таныстырды. Шын есімдерін білмеймін. Массажист қыздармен бірге салонда тұрдым. Салонда массаждың келесі түрлері көрсетілді: босаңсытатын, дене массажы, күш, спорт, тай массажы. Қызмет бағасы 20 мен 70 мың теңге арасында болды. Клиенттер қыздарды өздері таңдап алатын», — деп жауап берген сотта салон әкімшісі Дина.
Сотта анықталғандай экс полицей боди-массаж қызметтері туралы хабарламаны «Кыздар.Net» сайты мен әлеуметтік желі арқылы таратқан. Массажист болып жұмыс ітеген қыздар Қарағанды мен Астана қаласынан келіпті. Талап бойынша олар клиенттермен жыныстық қатынасқа түспеген. Оның барлығын директорлары бейнекамера арқылы бақылап отырған. Қызметтер үшін ақыны клиенттер банк аударымдары арқылы және қолма-қол төлеп жүрген. Интимдік қызметтер салонда тәулік бойы көрсетіліп келген. Мұны сол жерде жұмыс істеген қыздар да, тазалыққа жауап беретін қызметкерлер де растады. Табыстың 50-60 пайызы директордың қалтасына түсіп отырған.
Алайда, осыған дейін де істі болған Руслан Тілемісов сотта өз кінәсін толығымен мойындамады. Оның айтуынша, ол бизнесті заңды түрде жүргізген.
Сотталушының кінәсі сот отырысында толық дәлелденді. Барлығы аудио және бейне жазбада жазылған. Осылайша, сот Руслан Тілемісовты ҚР ҚК 309 бабы 1-ші бөлігі бойынша кінәлі деп тапты.
«Руслан Амангелдіұлы Тілемісов ҚР ҚК 309-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау бойынша кінәлі деп танылсын. Оған екі жыл алты ай түріндегі жаза тағайындалсын. Жазсын қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін», — деген үкімді шығарған Петропавл қалалық сотының судьясы Тахмина Собирова.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жұмысшылардың міндетті зейнетақы жарнасы уақытылы төленбеген