Петропавлда Солнечный-2 және Бірлік шағын аудандарының тұрғындары бір тәулікке жуық жарықсыз отыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Электр жарығы шағын аудандарда 31-ші шілде күні түс уақытында өшкен. Кешке таман Бірлік шағын ауданына электр энергиясы қосылды. Алайда түнде Солнечный-2 шағын ауданына жарық берген кезде, көршілес ауданның электр энергиясы қайтадан сөніп қалған. Осылайша, Солнечный-2 ауданының тұрғындары бір тәулікке жуық жарықсыз отыр, ал Бірлік ауданының азаматтары жарты тәулікке электр энергиясынан ажыратылған. Қазіргі кезде Бірлікте 235, ал Солнечный-2 ауданында 204 отбасы тұрып жатыр.
«Бір тәулікке жақын жарықсыз отырмыз. Үйде үлкен кісі, бала бар. тоңазытқыштың ішіндегі тағамдар бүлініп жатыр. Облыс орталығында тұрып жарықсыз қалдық деуге ұят. Апатты жағдай дейді, бірақ соны 1 күн бойы жөндеп , ретке келтіре алмай жатыр. Қыс мезгілінде қалай болатынымыз алаңдатады. Себебі ол кезде жылыту құралдары қосылады, пеш қосылады. Трансформаторлар шыдас бермейтін секілді», — деді шағын аудан тұрғындары.
Тұрғындардың шағымын қалалық әкімдіктің ТҮКШ бөліміне жеткіздік. Мамандардың сөзінше, апатты жағдай орын алған. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын аудан тұрғындарына жарықтың қашан берілетіні әзірге белгісіз.
Тағы оқыңыз:Петропавлда 201 көпқабатты үй жылыту маусымына дайын