Биыл Петропавлда жасөспірімдер 20 ұсақ бұзақылық жасаған. Ал 59-ы ішімдік ішкен. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ең жиі анықталатын заң бұзушылық жасөспірімдердің түнгі уақытта серуендеуі. Жыл басынан петропавлдық полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жүруінің 573 фактісін, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуының 13 фактісін анықтады. Сонымен қатар 136 қала тұрғыны кәмелетке толмаған балаларын асырау және тәрбиелеу бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Кейбір ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын ересек туыстарымен бірге жібереді. Бұл арада заңды өкілдер тек ата-аналардың өздері немесе оларды алмастыратын адамдар бола алады. Мысалы, балалар спорттық жарыстарға барса, жаттықтырушыға сенімхат жазылуы мүмкін. Ешбір ересек адам заңды өкіл болып табылмайды. Ата-аналардан мұны естен шығармауларын сұраймыз», — дейді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Тағы оқыңыз:Елімізде жүргізуші куәлігін алу талаптары өзгерді