Петропавлда вандализм фактілері, әсіресе шыны аялдамаларды бүлдіру фактілері тоқтамай тұр. Былтырдың өзінде қалалық полиция басқармасына 19 арыз келіп түскен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс орталығындағы аялдамалардың жағдайы жайлы өңір жетекшісінің қала тұрғындармен кездесуі барысында айтылды. Петропавлдықтар шыны аялдамалардың ыңғайсыз екендігін айтты. Тұрғындар өткір жел мен жауынның астында автобус күтіп тұруға мәжбүрміз дейді. Оның үстіне аялдамалардың дені ылғи сынып тұратын көрінеді.
«Мен Астана көшесі бойындағы жатақхана қасындағы аялдамаға мән берсеңіздер деп едім. Бұрынғы ет комбинатының жатақханасы. Аялдама шыныдан жасалған. Біреулер шынысын шағып кетіпті. Дәл осындай көрініс жолдың арғы бетіндегі аялдамада да орын алған. Біздің солтүстіктің өткір желін білесіздер. Бұл аялдамалар желден түк қорғамайды», — деді кездесуде қала тұрғындарының бірі.
Мұндай вандализм фактілерінің барын қала әкімі Серік Мұхамедиев жоққа шығармайды. Былтыр мұндай 19 факті бойынша полицияға арыз түскен. Шаһар басшысы барлығын қалыпқа келтіреміз деп уәде етті.
Өз кезегінде тұрғындар аялдамалар маңына қоқыс тастайтын урналарды орнатуды да өтініп отыр. Себебі, қоқыс шашылып жатады екен.
«Бұл бастаманы құптаймын. Біз БАҚ өкілдері арқылы жаңа қойылған аялдамалардың қандай күйге түскенін көрдік. Олардың ішіне біреулер дәрет сындырып кеткен. Ол сырттан келген жандар емес, өзіміздің арамызда жүрген азаматтар. Егер біз аулаларды абаттандырып, көшелерді көгалдандырмасақ, қаламыз қоқыс алаңына айналады. Сондықтан, қолда бар дүниені сақтап қалуға, өзіміз тұрып жатқан қалада тазалық сақтауға тиіспіз», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «Үркер-Сириус» білім беру орталығы ашылады