СҚО-да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның екеуі биыл пайдалануға беріледі. Білім ордалары 1200 балаға шақталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2024 жылдың соңында Петропавл қаласының Орман және Береке шағын ауданында жаңа білім ордалары қолданысқа беріледі. Ал келер жылы тағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған екі білім ордасының құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл мектептер облыс орталығындағы Копай мен «Жас Өркен» шағын ауданы тұрғындарының игілі үшін есігін айқара ашатын болады. Пайдалануға берілгеннен кейін барлық мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді. Жаңа білім беру нысандары мемлекет меншігінде болады және онда білім алу барлық бала үшін тегін болмақ.
«Бұл жоба ел Президентінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Ол апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелерін және оқушылар орнының тапшылығын шешуге бағытталған. Жайлы мектептердің құрылысына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жауапты. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін республика бойынша жалпы 369 заманауи мектеп салынады. Бұл бір ауысымда 370 мың жаңа орынды құруға мүмкіндік береді. Бұл мақсаттарға 2,3 триллион теңге мемлекет қаржысы бөлінді. 369 мектептің 163 білім нысаны немесе 44 пайызы ауылдық жерлерде салынбақ», — деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ PR және GR департаментімамандары.
Петропавлдағы Орман шағын ауданында салынып жатқан 600 орындық жайлы мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Оған «ASTI» ЖШС жауапты. Жоспар бойынша білім ордасы 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі керек.
«Қазіргі уақытта мектептің ішкі безендіру, қасбеттік қаптау және айналаны көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Сыртқы және ішкі инженерлік желілерді орнату процесі де аяқталуға жақын. Білім ордасының құрылысына отандық құрылыс материалдары қолданылып жатыр.
Жайлы мектептерге арналған жиһаздар тек жергілікті өндірушілерден сатып алынады. Облыс әкімдігі жиһаздың қажетті тізбесін бекітті. Оған сәйкес мердігер жергілікті «Район 715» кәсіпорнымен жиһаз жеткізуге келісім шарт жасасты», — деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ PR және GR департаменті мамандары.
Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында салынып жатқан 600 орындық жайлы мектептің құрылысы да былтыр басталған. Мердігеркомпания «Эдинство» ЖШС. Бұл білім ордасы да жыл соңында оқушылардың игілігі үшін қолданысқа берілетін болады.
«Мектептерде оқушылар үшін STEM зертханасы, робототехника, хореография кабинеті мен демалыс аймақтары болады, Ерекше балаларға арналған кедергісіз орта пандустар, лифттер, арнайы дәретхана бөлмелері және инклюзивті білім беру бөлмесін де қамтитын боламыз. Оқушыларға жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар даберіледі.Жалпы, жайлы мектептердің ауданы кәдімгі орта мектептердің көлемінен 15-20 пайызға, ал техникалық жарақтандыру 4 есеге артатын болады. Арнайы пән кабинеттері мен спорт залдарда көбірек болады. Мектеп аумағында футбол алаңы, жүгіру жолы, құрама спорт алаңы, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары үшін арнайы алаң салынады.Мектептер ең заманауи бейнебақылау жүйелерімен, кіруді басқару және қауіп төнген жағдайда есікті автоматты түрде құлыптаумен жабдықталады», — деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ PR және GR департаменті мамандары.
Тағы оқыңыз:Жыл басынан бері СҚО-ға 1100-ден астам адам қоныс аударды