Петропавлда биыл 17 әйел мен бір бала отбасында зәбір көрген. Қоғам дерті жайлы статистикамен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында полицейлер бөлісті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс орталығында отбасылық зорлық-зомбылық былтырғыға қарағанда сәл азайса да баршылық. Биыл полицейлер аталған жайтқа қатысты 21 қылмыстық істі аяқтапты. Бір жағдайда кісі өлімі тіркелген, қалғанында денсаулыққа зиян келген.
Зәбір көрген жандардың 17-сі — әйел адам, біреуі — бала. Статистика көрсеткендей қылмысқа әкелген бірден бір себеп — мастық. Биыл отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 869 құқықбұзушы жауапкершілікке тартылған.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қылмыстың саны 8 пайызға төмендеген. Бұл жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жайт. Қазіргі күні учаскелік полицейлерді тұрғындардың чаттарына қосып жатырмыз. Енді инспекторлар тұрғындармен тікелей байланыста бола алады. Осылайша отбасылық жанжалдар болып жатса дереу шара қолданылады»,- деді қалалық ПБ бастығының Қайырбек Баймөнкенов.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда Отбасы күніне арналған акция басталды