Су – тіршілік көзі. Енді бұл өмірлік маңызды ресурс қала тұрғындарына қауіпсіз әрі тұрақты түрде жеткізілетін болады. Бірінші көтергіш сорғы станциясы жаңартылып, қайта іске қосылды. Бұл жоба Үкіметтің қолдауы мен «KAZ Minerals Demeu» корпоративтік қорының 2,9 миллиард теңге көлеміндегі демеушілік көмегімен жүзеге асты, деп жазады Qazaqstan Media.
Станция — бүкіл қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін жалғыз нысан. Енді оның сенімділігі арта түсті. Мұнда су астында да тоқтаусыз жұмыс істей алатын еуропалық заманауи сорғылар орнатылды.
Су тасқыны қаупін ескере отырып, барлық басқару жүйесі жоғары деңгейге көтерілді. Биіктігі 4,7 метр болатын темірбетон габион бөгеті салынды. Сонымен қатар, 4 әуе желісі қалпына келтіріліп, қосымша екі жер асты резервтік кабель желісі тартылды. Су астында да тоқтаусыз жұмыс істей алатын заманауи еуропалық сорғы жабдықтары орнатылды.

«Бұл нысан қалалық инфрақұрылымның су тасқынына төзімділігін арттырып, тұрғындарды тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді станция жұмысымен танысқан облыс әкімі.
Қазіргі станция — жалғыз су көзі. Сондықтан қауіпсіздікті күшейту үшін Ойқала шағын ауданында резервтік сорғы станциясы салынатын болды. Бұл жоба болашақта қала инфрақұрылымының сенімділігін арттырады.
Жаңғыртылған инфрақұрылым — тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайларға төтеп беретін сенімді жүйе қалыптастырудың көрінісі.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық жас құтқарушылар халықаралық жарыстан олжалы оралды