Петропавлдағы спирттік сусын шығаратын зауыт еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда 200-ге жуық маман бір сағатта сегіз мың бөтелке өнім шығарады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Серіктестік ащы сусын шығаратын өңірдегі жалғыз кәсіпорын. Оның іргетасы 1942 жылы қаланыпты. 2,7 мың шаршы метр аумақта орналасқан зауыт бір тәулікте 170 мың бөтелке өнім шығарады.
«Биыл зауытта жаңа цех ашылды. Мұнда барлығы автоматтандырылған. Шикізат, яғни спирт, қант, бидай, су, балдың барлығы отандық өнімдер. Ал жабдықтарды Еуропа елдерінен алдық. Бұл сапалы өнім шығаруға мүмкіндік бар. Қазіргі кезде зауытта 160 маман бар. Бір сағатта сегіз мың бөтелке өнім шығарамыз», — дейді бас технолог Лариса Кашенова.
Спирт пен судың қосындысынан сапалы өнім алу үшін орташа есеппен 40 күн уақыт керек екен. Оның ішінде су тазаланып, тұндырылады, спиртпен араласқаннан кейін біраз күн тынығады. Кейін бөтелкелерге құйылып, қоймада сақталады.
«Сусын шағаратын зауытқа шамамен 13 млрд теңге инвеститция құйылды. Мұндағы өнімнің 70 пайызы экспортқа шығарылады. Аталмыш кәсіпорын өңірдегі ең көп салық төлейді. Ол жылына 22 млрд теңге. Өткен жылы кәсіпорын облыс бюджетіне 15,6 млрд теңге салық төлесе, оның 13,5 млрд — акциздер. Жалпы, жаңа өндірістің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасы мен бюджет түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік берді», — деді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Тағы оқыңыз: Желтоқсан айында жүргізушілер үшін қандай өзгерістер болады