Петропавлда санаторлы-курорттық кешен салынып жатыр. Нысан бұрынғы балалар лагерінің ғимаратында орналасатын болады. Бұл туралы нысандарды аралаған СҚО әкімі өзінің әлеуметтік парақшасында хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавл маңында тұрғындар мен туристер үшін жаңа санаторлы-курорттық кешен салынып жатыр. . Жергілікті кәсіпкер бұрынғы «Волна» балалар лагерін қайта жаңғыртып, оны жыл бойы жұмыс істейтін кешенге айналдыруда. Жоба үшжылдық, ал инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Жаңа нысанда 500 адамға арналған 150 нөмір болады, демалушыларға сауықтыру процедуралары ұсынылмақ. Кешеннің ашылуы демалыстың сапасын жақсартып қана қоймай, 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтымақ. Бұл жоба өңірде медициналық туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді.
«Алдағы уақытта облыс орталығында жаңа «Самовар» қонақ үйі ашылады. Бұл жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынған. «Даму» қорынан мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қонақ үйде 34 нөмір болады, 15 жаңа жұмыс орны құрылады. Петропавлда қазір 26 қонақ үй бар, олар 800 демалушыны қабылдай алады», — делінген жазбада.
Одан бөлек, Имантау-Шалқар курорттық аймағында инвесторлар 16 жобаны жүзеге асырып, экоотельдер мен глэмпингтер салуда. Мұндай жобалар туристік инфрақұрылымды және қызметтердің сапасын жақсартуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жаңа инвесторларды тартуға және өңірімізді қосымша табыс көздерімен қамтуға ықпал етеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да лауазымды тұлғалар 20 жұмысшының жалақысын жеп келген