Петропавлдықтар «Балқадиша» вокалды-фольклорлық халықтық ансамблін құрып, оған 20 жыл бойы жетекшілік еткен Машуда Ыбыраеваны еске алды. Шараға өнер иесінің жақындары, туған-туысқандары, әріптестері қатысып, ол жайлы естеліктерімен бөлісті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда 2003 жылы әжелерден құралған «Балқадиша» вокалды-фольклорлық халықтық ансамблі құрылады. Оған Машуда Ыбыраева жетекшілік еткен. Сол кезде оның құрамында 12 адам өнер көрсеткен.
«Машуда Нұрғалиқызы 30 жылдан астам уақыт М. Жұмабаев атындағы колледжде еңбек еткен. Содан зейнетке шыққанда оған осы «Балқадиша» ансамблін құрып, жетекшілік ету туралы ұсыныс түседі. Сол кезде ол өзі сияқты зейнетке шығып, немерелерін тәрбиелеп отырған әжелерді жинап, сахнаға шығарады. Бұл топ қазақтың өнерін ғана емес, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да насихаттап жүрді. Машуда апай жақсы ана, әже бола білді. Біздерге үнемі көмегін көрсетіп, ақыл айтатын. Ол кісінің әлі еліне, өнерге берері көп еді», — дейді Машуда Ыбыраеваның келіні Бақытжан Ғабдуллина.
Машуда Ыбыраева былтыр 78 жасында көз жұмған. Оны еске алған ұстаздар қауымы мен өнерде жүрген әріптестері Машуда Нұрғалиқызының ерекше талантты, қайсар жан екенін айтуда.
Шараға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов те қатысып, Машуда Нұрғалиқызының өнерін ерекше бағалағандығын жеткізді.
«Балқадиша» ансамблі өңірімізге өте танымал ұжымдардың бірі болды. Түрлі шараларға барғанда әндерін сүйіп тыңдайтынбыз. Олар өнер саласында өз қолтаңбасын қалдырды. Машуда Нұрғалиқызының ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары еді. Ол кісі жастарға үліг болып қала береді», — деді Еркебұлан Мәмбетов.
Машуда Нұрғалиқызы жетекшілік еткен «Балқадиша» ансамблінде бүгіндері 9 әжей өнер көрсетеді. Кеште олар Машуда Ыбыраеваның сүйікті әндерін шырқап берді.
Тағы оқыңыз: Биыл Жамбыл ауданында 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға беріледі