Бүгіндері Петропавлда Ущев көшесіндегі бөгет қайта қалпына келтіріліп жатыр. Мұнда жасалып жатқан жұмыстармен өңірге келген сенат және мәжіліс депутаттары танысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
1960 жылы пайдалануға берілген бөгет Ойқала ауданының тұрғындарын тасқын судан қорғайтын. Алайда былтыр қызыл су бөгеттің үстімен жүріп өтіп, жүздеген тұрғын үй, бау-бақша учаскелері мен инфрақұрылым нысандарын су басты. Қазір Ущев көшесіндегі бөгет қайта қалпына келтіріліп жатыр. Жөндеу жұмыстарымен өңірге келген ҚР Парламенті сенаты мен мәжілісінің депутаттары танысты.
«Бұл шаралардың барлығы өткен жылғы жағдайдың қайталануын болдырмау мақсатында қолға алынды. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шекті. Қаншама үйге зақым келді. Биыл бұған жол бермейміз. Бұл нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда маңызды рөл атқарады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жақсы деңгейде жүргізіліп жатыр», — деп атап өтті Еркебұлан Мәмбетов.
2024 жылғы тасқын судың деңгейі ескеріліп, бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін ұлғайтылды. Ал ұзындығы 300 метрге дейін созылды. Қазіргі уақытта нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілді. Бүгінде бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр.
Барлық шаруаны «BUILDING STROY-2020» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 851 миллион теңгені құрайды. Құрылыс барысында сапалы материалдар мен заманауи технологиялар қолданылуда. Бұл бөгеттің ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз етеді. Депутаттар жергілікті билік пен мердігер үшін ең бастысы — жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуы екенін атап өтті.
Жалпы өңірде 8 бөгет қалпына келтіріліп жатыр. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан облыста 4 мыңнан астам тұрғын үй, 45 кәсіпкерлік нысан, 42 автожол учаскесі зақымданған болатын.
Тағы оқыңыз: Петропавл қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды