Наурызнама онкүндігі аясындағы Тазару күні Солтүстік Қазақстан облысында кең көлемде аталып өтті. Осы күні Петропавлда ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Қаладағы ықшам аудандар қардан тазартылды, арықтар мен су ағарлар ашылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Экологиялық акция Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңі басталғаны туралы үндеуімен өтті. Президент өз сөзінде табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыру ел дамуының маңызды бөлігі екенін атады.

«Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын. Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Петропавлда өткен сенбілік тек тазалық шарасы ғана емес, көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған маңызды жұмысқа айналды. Таңнан бастап қаладағы жеке секторларда қар шығарылды.  Арықтар мен су өткізу арналары тазартылды. Бұл іске құтқарушылар, еріктілер, жастар және қала тұрғындары жұмыла қатысты.

Тазару күні: Петропавлда ауқымды сенбілік өтіп, жүздеген аула мен арық қардан тазартылды
Тазару күні: Петропавлда ауқымды сенбілік өтіп, жүздеген аула мен арық қардан тазартылды

Әсіресе, Бірлік шағын ауданында жұмыс қарқынды жүрді. Мұнда Алматыдан келген құтқарушылар зейнеткерлер мен жалғызбасты тұрғындарға көмек көрсетті. Аула ішіндегі қалың қарды шығарып, су жүретін жолдарды ашты.

Осындай көмекті көрген зейнеткер Серік Ережепов ризашылығын жасырмады.

Тазару күні: Петропавлда ауқымды сенбілік өтіп, жүздеген аула мен арық қардан тазартылды
Тазару күні: Петропавлда ауқымды сенбілік өтіп, жүздеген аула мен арық қардан тазартылды

«Аулада қар көп болған. Бүгін бәрін шығарып берді. Рахмет бәріне. Облыс әкімі өзі келіп көріп, бақылап кетті. Осындай көмек көрсеткендері мен үшін үлкен сеп. Бірлікке көшпес бұрын Былғары зауыты ауданында тұрғанмын. Үйім суға кетіп, осы жақтан үй алдым. Жалғыз тұрамын, жасым 70-тен асты. Сондықтан жігіттер келіп қарды шығарып бермесе, өзім әупірімдеп тазалайтын едім», – дейді ол.

Қала әкімінің орынбасары Сергей Мелеховтің айтуынша, Тазару күніне орай ұйымдастырылған акцияға жүздеген адам мен техника жұмылдырылған.

«Наурызнама аясында бүгін Тазару күні. Осыған орай біз ауқымды экологиялық акция ұйымдастырдық. Таңнан бері жеке тұрғын үй секторын қардан тазартып жатырмыз. Арықтар мен су ағарларды тазалап, аштық. Қар шығардық. Бұл игі іске еріктілер, құтқарушылар, жастар мен қала тұрғындары да қатысып жатыр. Қала бойынша шамамен 300 техника және 200 адам жұмыс істеді», – деді ол.

Наурызнама онкүндігі аясындағы шаралардың ұйымдастырылуын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өзі қадағалады. Өңір басшысы қарды уақытылы шығару мен арықтарды тазалау көктемгі тасқынның алдын алуда аса маңызды екенін атап өтті.

Тазару күні: Петропавлда ауқымды сенбілік өтіп, жүздеген аула мен арық қардан тазартылды
Тазару күні: Петропавлда ауқымды сенбілік өтіп, жүздеген аула мен арық қардан тазартылды

Осылайша, Петропавлдағы Тазару күні тазалық мәдениетін дәріптеумен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты іске ұласты.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *