Петропавлда ішімдік ішіп алған автокөлік нұсқаушысы қала тұрғынына көлік жүргізуді үйретпек болған, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавлда полицейлер «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасының соңғы күнінде мас болса да, біреуге көлік жүргізуді үйретпек боғлан автокөлік нұсқаушысын анықтады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қожаберген жырау тасжолының бойында, Петропавлға кірер жолда тұрған Volkswagen Golf оқу көлігін байқайды. Көлік ағысы көп жол бөлігінде автокөлік мектебінің курсанты машинаны басқара алмай, апатты жағдай туғызған. Ал оның қасында практикалық сабақ өткізген 55 жастағы автокөлік нұсқаушысынан алкогольдің иісі шығып тұрды. Медициналық куәландыру оның мас күйде екендігін растады. Нұсқаушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды.
«Мас жүргізушінің әрбір сапары ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін. 14-20 қазан аралығында өткізілген ЖПІШ кезеңінде облыс жолдарында осындай 32 жағдай анықталды. Жолдарда барлығы 2 мыңнан астам түрлі құқық бұзушылық анықталды», – деді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Тағы оқыңыз: СҚО-да екі жүк көлігі соқтығысып, бір адам көз жұмды