Петропавлда аутизммен ауыратын балалар көпқабатты үйдің жертөлесінде емделіп жүр. Өйткені қаладағы жалғыз оңалту орталығының ерекше ұл-қыздардың барлығын бірдей қабылдауға қауқары жоқ. Соның салдарынан мамандар 100-ден астам балаға терезесі жоқ, суық, ылғал басқан жертөледе көмек көрсетеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Бес қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде аутист балалар он екі ай жаттығып, әр түрлі үйірмелерге қатысады. Бірақ ата-аналар бұл жерде балаларға ешқандай жағдай жасалмаған дейді.
Данил Варфоломеевке 4 жасында аутизм диагнозы қойылған. Сол уақыттан бері жеткіншек осы орталықта емделіп жүр. Бірақ ерекше баланың анасы жертөле үнемі кәріз бен жаңбыр суына толатынын айтады. Соның кесірінен қабырғалар көгеріп, ұлы одан сайын ауруға шалдыққан.
«Биыл еріген қар суы басып, екі залға да кіре алмай қалдық. Ғимаратта үнемі ылғал тұрады. Мұнда терезелер жоқ, күннің көзі түспегендіктен, бөлме де суық. Балам жиі ауыратын болды. Басқа апаратын жер болмаған соң осында келеміз», – деді Петропавл тұрғыны Елена Варфоломеева.
Жүзге жуық ерекше бала 50 шаршы метрге жетпейтін аумақта дамыту сабақтарына қатысады. Кішкентай екі бөлмеге бәрі сыймайды екен. Оның үстіне орталыққа келушілердің қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Тіпті, үйірмелерге қажетті құрылғыларды да өз ақшамызға сатып алуға мәжбүрміз дейді.
«Әрбір оқу процесі үшін арнайы кабинет болғанын қалаймыз. Балаларға үлкенірек ғимарат керек. Өйткені, келушілердің саны артып келеді. Біз енді қайда барып, кімнен көмек сұраймыз?! Бұл балаларды өмірге бейімдеу оңай емес», – деді петропавлдық Татьяна Ковалева.
Қазір аймақта 5 мыңнан астам баланың мүгедектігі бар. Оның мыңға жуығы аутизм дертіне шалдыққан. Шенеуніктер өңірде дамуы тежелген ұл-қыздарды емдейтін жалғыз орын бар екенін жеткізді. Және басқа ғимарат таба алмаймыз деп ашық айтты.
«Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде балаларға кабинет бөлу бойынша мүмкіндік жоқ. Өйткені, мектептердегі барлық кабинеттер бос емес. Сондықтан мәселені шешетіндей мүмкіндік болмай тұр. Денсаулық сақтау басқармасы мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көмек көрсетеді деп үміттенеміз», – деп мәлімдеді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Қала билігі тағы бір оңалту орталығының ашылатыны жөнінде осыдан екі жыл бұрын айтқан. Ата-аналар бұл жоспар әзірге жүзеге аспады деп қапаланады.
Тағы оқыңыз:Солтүстікқазақстандықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсайды?