Петропавлда асық атудан ересектер арасында ел чемпионаты бастау алды. Дүбірлі дода 19 өңірден келген 100-ден астам спортшының басын қосты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ел чемпионатына бұрын-соңды 19 өңірден спортшылар келмеген. Осыған қарап ұлттық спорттың қарыштар дамып жатқанын көруге болады. Сайыста қос ойыншыға 10 минут беріледі. Осы уақыт ішінде қатысушылардың бірі қаз-қатар тізілген 15 асықтың 8-ін дәл көздеп, шеңбер сыртына шығаруы тиіс.
Теріскейлік асықшылар чемпионаттың фавориттері болып саналады. Олар өз жерлерінде намысты қолдан бергілері келмейді.
«Жарысқа 10 күн дайындалдық. Спортшыларым сақадай сай. Бірінші турда Маңғыстау құрамасын жеңдік. Басты мақсатымыз — ел чемпионы болу», — дейді СҚО асық ату федерациясының президенті Ақжан Сұрағанов.
Айта кету керек, асық атудан ел чемпионаты маусымның 13-не дейін жалғасады.
Жарыс жеңімпаздарына ҚР спорт шебері атағы беріледі. Сөйтіп, олар алдағы әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да пошташы әкімдік ғимаратында киім-кешек сатып келген