Петропавл қаласында «Абайдың идеясын заманауи білім жүйесінде дамыту» атты республикалық семинар-практикум өтті. Ол Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам қазақ тілі пәнінің мұғалімі жиналды. Семинардың басты мақсаты — педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, деп жазады Qazaqstan Media.
Іс-шара барысында Абай Құнанбайұлының идеяларын қазіргі білім беру жүйесінде қолдану жолдары талқыланды. Спикерлердің айтуынша, ұлы ойшылдың шығармаларын мектеп бағдарламасына тереңірек енгізу арқылы оқушыларды адами құндылықтарға тәрбиелеуге болады.

«Абай ешқашан білім мен ғылымды дәріптеуден жалықпаған. Ол ұлттың озық болуы үшін ең алдымен білімді болуымыз керек деген идеяны көтерді. Тәрбие мен білімді бірге алып жүруді ұсынды. Мәдениетті ұлт, білімді ұлт идеясын құптады», — деді «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы.
Ол жиын барысында өзінің «Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітабын таныстырып, Абай шығармаларындағы тілдік өзгешеліктерге тоқталды.
Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Үмітжан Шынтермірова биыл өңірде «Сөйлеу этикеті» клубы ашылатынын мәлімдеді. Жоба тұрғындардың сөздік қорын байытып, тілдік кедергілерді жоюға, дұрыс сөйлем құрап, сауатты сөйлеуге сеп болады.
Семинар қазақ тілін дәріптеу мен ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы маңызды қадам болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар мұғалімдер қауымының кәсіби дамуына тың серпін береді. Ел көлеміндегі жиынға Ресейдің Омбы қаласынан арнайы келген педагог Қарлығаш Қарманова да өз әсерімен бөлісті.

«Бізде қазақ тілінде еркін сөйлейтін оқушылар әзірге аз. Бірақ үйренуге ынталы балалар өте көп. Олар Абайды танып, шығармаларын оқып жүр. Сабақта қазақтың ақылдың ақыны атанған Абай, орыс әдебиетінің ұлы классигі Пушкинмен бірдей оқытылады. Дана ақынның шығармалары арқылы ұлтты тәрбиелеуге болады. Мен өткен жылы да осындай семинарға қатысқан болатынмын. Ұстаз ретінде әріптестерме тәжірибе алмасуға таптырмас жиын»-дейді өз пікірін айтқан Қарлығаш Қарманова.
Тағы оқыңыз: СҚО-да өрт кезінде қою түтін салдарынан екі адам сыртқа шыға алмаған