Петропавлда екі жасөспірім қызға қатысты қозғалған қылмыстық іс сот шешімімен тоқтатылды. Атап айтқанда, А. және Ф. есімді оқушылар өз қатарласынан 70 мың теңге ақша талап етіп, бопсалаған. Қылмыстық іс қозғалғанымен, бұзақылық танытқан қыздар жауапкершілікке тартылған жоқ, деп жазады Qazaqstan Media.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 31 тамызында А. мен Ф. есімді екі жасөспірім алдын ала келісіп, Н. есімді қыздан 70 мың теңге талап еткен. Оқиға Уәлиханов көшесі, 56 мекенжайында орналасқан City Mall сауда орталығы маңындағы гараждардың жанында болған. Олар осылайша пайда таппақ болады. Екі қыз сөзбен емес, күш қолдана отырып, ақша бопсалайды. Оқушы қыздардың қылмыстық әрекеттері бұнымен тоқтамайды. Былтыр қыркүйек айында А. мен Ф. 20-шы ықшам ауданында орналасқан мешіт маңында ақшаны әкелмегені үшін Н. есімді қызды ұрып, қайтадан 70 000 теңгені талап еткен.
«Істі қарау барысында жәбірленуші тарап — Н. сотқа екі жасөспіріммен татуласқанын мәлімдеп, істі тоқтатуды сұрады. Оның заңды өкілі бұл өтінішті қолдады. Айыпталушылар А. мен Ф. де келтірілген шығынды өтеп, жәбірленушімен татуласқандарын айтып, істі тоқтатуға өтініш білдірді. Прокурор аталған өтінішке қарсылық білдірмеді»,-деп хабарлады СҚО ювеналды соты.
Сот А. және Ф.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 1 және 2 тармақтарымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Істі өндірістен тоқтатты.
Сондай-ақ, заңға сәйкес екі жасөспірімге тәрбиелік ықпал ету шарасы ретінде ескерту түріндегі мәжбүрлеу шарасы қолданылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да он мектеп қолдаудың арқасында екі жарым млрд теңгеге күрделі жөндеу көрген