Петропавлда 6,1 млрд теңгеге қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады
Солтүстікке жұмыс сапарымен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келді. Ол С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өңір тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлдағы қоқыс полигонының салынғанына 40 жылдан асқан. Одан қалды, нысан 99 пайызға қалдықтарға толы. Егер бір шара қолданылмаса жиналған қалдықтардан жағымсыз иістер шығып, таза ауаға әсер ететіні сөзсіз.
Петропавлда 6,1 млрд теңгеге қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады
«Облыс әкімдігімен бірлесіп жаңа жобаны жүзеге асырмақшымыз. Яғни, Петропавлға қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған заманауи полигон салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Болжам бойынша, жоба құны — 6,1 млрд теңге болады»,- деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, облыстағы экологиялық ахуал тұрақты. Бірақ, ел бойынша қалдықтарды өңдеу мәселесі өзекті екен. Мемлекетімізде 4,5 млн тоннадан астам қатты қалдық жағылады. Соның бар-жоғы 25,8 пайызға өңделеді.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Президент қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қоқыс өңдейтін зауыттар салуды тапсырды. Сол бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда, деді еліміздің бас экологы.