Петропавл қаласында Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Солтүстік Қазақстан облысының эвакуациялық госпитальдарында жан тапсырған кеңес сарбаздарының зираты жаңғыртылады. Қала билігі Мүсірепов көшесінде орналасқан, 400-ден астам жауынгердің сүйегі жатқан аумақты абаттандыруды жоспарлап отыр. Бұл игі бастаманы келесі жылдан бастап жүзеге асыру көзделуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл мәселе қала әкімінің есептік кездесуінде қоғам назарын тағы бір мәрте аудартты. Қоғам белсендісі Шамиль Шакиров Жеңіс күні қарсаңында айтылған ұсынысты еске салып, бұл жерді тек қарапайым зират емес, жас ұрпаққа рух беретін, елдік пен ерлікті ұлықтайтын толыққанды патриоттық кеңістікке айналдыру қажеттігін атап өтті.

Уақыт өз таңбасын қалдырды. Санитарлық талаптарға сәйкес жерлеу мерзімі әлдеқашан өткен, ал аумақ жүйелі күтімді, жан-жақты көзқарасты қажет етеді. Иә, жыл сайын қоғам белсенділері сенбілік ұйымдастырып, қолдарынан келгенін жасап жүр. Алайда бұл – тамшыдай ғана. Ал егер мұнда мемориалдық кешен бой көтерсе, тағзым ету рәсімдері өтіп, жауынгерлер рухына лайықты құрмет көрсетілер еді.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев бүгінде аумақты кешенді абаттауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын жеткізді.

Петропавлда 400-ден астам сарбаз жерленген орын қайта жаңармақ
Петропавлда 400-ден астам сарбаз жерленген орын қайта жаңармақ

«Бұл жер заңнама талаптарына сай рекреациялық саябақ аймағы ретінде рәсімделуі тиіс. Адамдар мұнда сабырмен серуендеп, мемориалдарға тағзым етіп, осы жерде мәңгілік тыныс тапқан батырлардың рухына құрмет көрсете алуы қажет», – деді қала басшысы.

Дегенмен, әкімнің айтуынша, биыл бұл жобаны іске асыру мүмкін болмады. Елдегі күрделі қаржылық жағдай бірқатар маңызды бастамалардың кейінге қалуына себеп болған.

«Объективті себептерге байланысты көптеген жобаны жүзеге асыра алмадық. Бірақ бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Келесі жылы қайта оралып, нақты іске кірісеміз», – деп атап өтті Серік Мұхамедиев.

Айта кетейік, Мүсірепов көшесіндегі бұл жерлеу орны – Петропавл қаласының тарихи жадындағы айрықша нүкте. Мұнда соғыс өрті шарпыған жылдары Солтүстік Қазақстандағы эвакуациялық госпитальдарда көз жұмған жауынгерлер жерленген.

Қоғам белсенділері бұл аумақ абаттандырылған соң, ол тек үнсіз тағзым ететін орын ғана емес, ашық аспан астындағы тарих сабақтарының, жас ұрпаққа ел мен жердің қадірін ұғындыратын рухани орталыққа айналады деп сенеді.

Тағы оқыңыз: Қала әкімі тұрғын үй және әлеуметтік нысандар бойынша жоспарларымен бөлісті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *