Петропавлда полицейлерге бағынбаған ер адам 25 күнге қамалды. Жүргізуші тәртіп сақшылардың тоқтату туралы талабын елемеген, оған қоса медициналық куәландырудан бас тартты, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыс орталығындағы көшелердің бірінде полицейлер ВАЗ-21063 көлігін тоқтатпақ болады. Алайда жүргізуші талапқа бағынбай, әрі қарай жүре берген. Оның соңына түскен тәртіп сақшылары темір тұлпарды Залманов көшесінде ғана тоқтатқан. Көлікті 39 жастағы ер адам тізгіндеген және көлікте келіншегі мен туысы болған. Үшеуінен де арақтың иісі шығып тұрған. Облыстық наркологиялық орталыққа жеткізген кезде ер адам қарсылық көрсетіп, медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Сонымен қатар оның жүргізуші куәлігі тоқтатылғаны анықталды.
«Қазіргі уақытта құқық бұзушы медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін 25 тәулік қамауда отыр. Оған қатысты жазасын өтегеннен кейін полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін материал жиналады. Біз мас күйде көлік басқаруға болмайтынын үнемі ескертеміз. Мұндай фактілермен күресу — полиция жұмысындағы басымдықтардың бірі», – деді Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Екінші қыркүйектен бастап өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Әсіресе оқу орындарының маңында жол қауіпсіздігін нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Екі күн ішінде облыста алты мас жүргізуші анықталды. Барлығы 604 түрлі құқық бұзушылық анықталды, олардың ішінде — алкогольді ішудің немесе қоғамдық орында мас күйінде пайда болудың 101 фактісі бар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да төрт адам КВИ-ден емделіп жатыр