Жылыту маусымының басталуына бір айдан астам уақыт қалғанда, Петропавлда жылу энергетикалық инфрақұрылымды дайындау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қала бойынша 271 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту жүйелері жуылып, қысыммен тексерілген. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл ЖЭО-2 нысанында болып, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Әкімнің айтуынша, дайындық жұмыстары мемлекет басшысының ерекше бақылауында.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда №2 турбина агрегаты мен теміржол жолдарына күрделі жөндеу аяқталған. Сонымен қатар №1 және №4 қазандықтарға және №6 турбинаға ағымдағы жөндеу жасалған. Жалпы жоспарланған жұмыстардың 60%-дан астамы орындалған.

Ерекше назар ЖЭО-2-де салынып жатқан жаңа мұржа құрылысына аударылған. Оның пайдалануға берілуі қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр. Қыс мезгілінде станция үш мұржамен жұмыс істейді, бұл оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғын үйлер де жылыту маусымына дайындалуда. Қала бойынша 271 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту жүйелері жуылып, қысыммен тексерілген. Әкім барлық тұрғын үй дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: СҚО-да туберкулезбен сырқаттанушылық 14,7%-ға азайды