Петропавлда биыл 30 аула абаттандырылған. Сонымен қатар, қаланың шеткі аудандарында балалар мен спорт алаңдары орнатылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл Петропавлда аулаларды абаттандыру кешенді түрде жүргізілді. Жобаларды жасаған кезде балалар мен ересектердің қызығушылықтары ескерілді. Осылайша, көпфункционалды ойын алаңдары мен демалыс орындары жасалды.
Облыс орталығындағы аулалардың жағдайымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Өңір басшысы Хименко көшесіндегі ауланы аралады. Мұнда асфальт төселіп, автотұрақ пен жарықтандыру орнатылған. Футбол және баскетбол алаңы, балалар ойын алаңқайы бар. Бұған дейін мұның барлығы бөлек-бөлек орналақсан болатын және әрқайсысы жекелей жөнделген еді.
«Жалпы, биыл қалада 30 ауладан тұратын тоғыз квартал кешенді абаттандырумен қамтылыпты. Сондай-ақ Бірлік ықшам ауданында үш балалар және спорт алаңы, Жұмысшы кентінде тағы бір кешен орнатылған. Облыс орталығындағы 596 ауланың 254-і жаңартуды қажет етеді. Оларды дұрыстауға қаражат бөлініпті. Алдағы бес жылда барлығы жөнделетін болады», — деді облыс әкімі.