Жаңа жыл қарсаңында Петропавлдағы Береке ықшам ауданында 140 орындық балабақша ашылды. Мектепте дейінгі мекеме балаларды екі жастан бастап қабылдайды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Qazaqstan Media тілшісі де қатысты.
Жарық, жылы, кең әрі заманауи жабдықтармен қамтылған балабақша аталған аудан тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш. Өйткені, бұл маңда соңғы балабақша өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Тиісінше, олар ескірген, оның үстіне шағын ғана мектепке дейінгі мекемелерде қазақ топтары болмаған.
«Балабақшаға балалар екі жастан бастап қабылданады. Бұл қаладағы осындай алғашқы мемлекеттік балабақша болмақ. Әр топта 10 баладан болады. Ал қалған топтарда, яғни орта, мектепке даярлық топтарында 25 баладан болады. Жалпы, 7 топ болады деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде ата-аналардан өтініш түсіп жатыр. Әзірге, 60 бала жиналды. 25 маман бар. Балабақша қажетті жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ бізде балалардың киімін кептіретін арнайы шкаф бар. Яғни, бүлдіршіндер қысқы уақытта даладан ойнап келгенде сол жерде қолғаптарын кептіре алады. Ол тәрбиешілерге де, ата-аналар үшін де ыңғайлы болмақ», — дейді «Береке» балабақшасының меңгерушісі Ғалия Сәрсекеева.
140 орындық жаңа балабақшаның ашылуына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жиналғандарды осынау маңызды оқиғамен құттықтады.
«Бұл жерде балалардың жақсы тәрбие мен білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда бүлдіршіндер ұлттық салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрпымызды танып, патриоттық тәрбие алады дегенге сенімдімін. Ақпан айында Жас Өркен шағын ауданында 280 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Ол да бюджет қаржысына тұрғызылмақ. Ондағы жұмыстарды келер жылдың соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, облыс орталығында мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрметкішін 96 пайызға жеткізбекпіз. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл әр шаңыраққа бақыт, шаттық әкелсін», — деді облыс әкімі.
Өңір жетекшісі балғындарға тәтті сыйлықтар таратып, олардың өнерлерін тамашалады.
Балабақшаның ашылғанына баласын орталықтағы мектепке дейінгі мекемелерге тасып шаршаған ата-аналар да риза. Олар енді балғындарын жақын жердегі балабақшаға беріп, еш алаңсыз жұмыс істемек. Сондай жандардың бірі – Каринэ Шаришева.
«Мен ата-ана ретінде өте қуаныштымын. Жаңа жыл қарсаңында ауданымызда әдемі, жайлы балабақша ашылды. Бұрын балаларым шағын орталықтарға не қаланың басқа шетіндегі балабақшаларға баратын. Енді кенже ұлым үйдің қасында ашылған балабақшаға барады. Қазір ол бір жарымда. Келер жылы оны осы балабақшаға беруді жоспарлап отырмыз. Әрине, балабақшаның үйдің маңында болғаны ыңғайлы ғой. Таңертең апарып тастап, жұмысқа барасың. Кешке дәл солай жолда кіріп, алып кете қоясың», — дейді қала тұрғыны Каринэ Шаришева.
Айта кетейік, осыған дейін Бірлік шағын ауданында балабақша ашылған болатын. Оның құрылысына демеушілер қаржы бөлген. Ал «Береке» балабақшасы бюджет қаржысына салынған. Айта кеткен жөн, соңғы 10 жылда қалада мемлекет есебінен мектепке дейінгі мекемелер тұрғызылған емес.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ішімдік ішіп алған әйел 4-ші қабаттан құлап кеткен