11 күн бұрын Петропавлда СҚУ студенті Анатолий Филиппов жоғалып кетті. Жігітті жақындары соңғы рет төртінші мамыр кешкісін көрген. Ал 8 мамыр күні Анатолийдің туыстары полицияға арыз жазған. Қазір іздеу жұмыстарына полицейлер, еріктілер мен ТЖД қызметкерлері жұмылдырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Анатолий Филиппов – СҚУ студенті. Жамбыл ауданының тумасы. Хабарламада айтылғандай, ол төртінші мамыр кешке №2 жатақханадан шығып кеткен.
«Ол туыстарына барамын деп кеткен. Бірақ ол жаққа бармаған. Сол уақыттан бері байланысқа шыққан жоқ. Телефоны сөндірулі», – делінген хабарламада.
Жоғалған кезде жігіттің үстінде қара былғары күртеше мен қара кепка болған.
Туыстарының айтуынша, іздеу жұмыстары басталғалы бері Анатолийдің қайда екені туралы ешқандай ақпарат түспеген.
«Алғашқы іздеу 9 мамыр күні болды. Анатолийді еріктілер мен студенттер Ойқала, Черемушки аудандарында іздеді. Оған шамамен 50 адам қатысты. Бұл аумақты бекер таңдаған жоқ. Жігіттің телефонынан соңғы сигналдар осы жақтан келген», – деді Qazaqstan Media-ға жігіттің әпкесі Татьяна Полулященко.
Әйелдің айтуынша, жиенінің қайда кеткені туралы нақты болжам жоқ. Ол Анатолийдің мінезінде немесе жүріс-тұрысында ешқандай өзгеріс байқалмағанын айтады.
Жігіттің қарызы бар-жоғы да белгісіз. Туыстарының қолында банктен анықтама жоқ.
15-ші мамырда СҚО ТЖД қызметкерлері Есіл өзенінде жоғалған адамды анықтау жұмыстары тәулік бойы жүріп жатқанын хабарлады.

«Іздеу бірнеше бағытта жүргізілуде. Қайықтармен жаға сызығын визуалды қарап шығу, дрондармен әуеден барлау, сүңгуірлердің қатысуымен су асты тексерулері жасалып жатыр. Жұмыстар тәулік бойы жалғасуда», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Алайда іздеу жүріп жатқан адамның аты-жөнін ведомство жариялаған жоқ.
Тағы оқыңыз: Найзағай, бұршақ, дауыл: СҚО-да қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды