Петропавл қаласының Орталық саябағында ерекше спорттық шара өтті. №1 қалалық емхананың ұжымы Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік жүгіруге қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Мерекелік бастамаға медицина мекемесінің 30-ға жуық қызметкері қолдау білдіріп, қолдарына мемлекеттік тулар ұстап, 1 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік мерекені ұжымдық рух пен спорт арқылы атап өту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Жүгіру алдында қатысушылар ашық аспан астында сергіту жаттығуларын орындап, мерекелік көңіл күйге бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама қызметкерлердің бірлігін арттыруға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және халық арасында спорт мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
«Бүгін біз Конституция күніне орай мерекелік жүгіру ұйымдастырып отырмыз. Бұл тек ұжымдық рухымызды нығайтып қана қоймай, әрқайсымыздың өмірімізде спорт пен денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін еске салады», — деді №1 қалалық емхананың директоры Николай Новиков.
Шара көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, қатысушыларға мерекенің мәнін ерекше сезінуге мүмкіндік берді. Емхана басшылығы мұндай спорттық дәстүрді алдағы уақытта да жалғастырып, әр мерекені пайдалы әрі белсенді іс-шаралармен атап өтуді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: «Жұмысшы мамандықтар жылында» Есіл ауданындағы ауыл шаруашылық колледжі 200-ден астам студентті қабылдайды