Петропавлда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Жамбыл ауданының өнімі көпшіліктің көңілінен шықты. Үй майының дәмі мен сатушылардың жылы жүздері мерекенің көркін қыздырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Республика күніне арналған Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шараға ең белсенді қатысушылардың бірі – Жамбыл ауданы. Аталған аймақтан әкелінген өнімді қала тұрғындары жоғары бағалады.
Жамбылдық өнім өз сапасымен, тазалығымен тұрғындардың сұранысына ие болды. Таңертеңнен-ақ сауда сөрелерінің маңында ұзын-сонар кезек пайда болды: жаңа сойылған еттің, үй майының және балғын сүттің иісі нағыз ауыл мерекесінің атмосферасын тудырды.
Жәрмеңкенің тұрақты қатысушыларының бірі — Жамбыл ауданындағы «Екпін-2002» ЖШС. 2016 жылдан бері кәсіпорын қой шаруашылығымен айналысып келеді. Қазір мұнда шамамен төрт мың бас асыл тұқымды қой бар.

«Біз сатылымға 16 қойдың етін әкелдік. Орташа салмағы — 25–30 килограмм. Шаруашылық 2002 жылдан бері жұмыс істейді және жыл сайын жәрмеңкелерге қатысамыз. Етті тек тұтас сатып алуға болады, бір килограммы — 2800 теңге», — деді шаруашылық басшысы Бегас Тұяқов.
Шарада Троицк ауылдық округінің тұрғыны Виктория Ерофееваның өніміне ерекше сұраныс болды. Оның сөресінде үй сүті, майы, ірімшігі мен жаңа сойылған құстары самсап тұрды. Сауда қызып, барлығы таңғы тоғызға дейін сатылып кетті.

«Біз 40 килограмм май мен ірімшік, 50 литр сүт, 20 қаз, 20 үйрек және сонша әтеш әкелдік. Бағаларымыз қолжетімді: ірімшік — 850 теңге, сүт — 250 теңге, май — 4800–5000 теңге. Мұндай жәрмеңкелер біз үшін үлкен қолдау: өнімімізді өткізіп, тұрғындармен сөйлесіп, мерекелік көңіл-күйді сезінеміз. Барша жамбылдықтарды және жерлестерімді Республика күнімен құттықтаймын! Әр үйде береке, денсаулық пен ашық аспан болсын», — деді ауыл тұрғыны Виктория Ерофеева.
Жәрмеңкенің тұрақты қонақтарының бірі — Қозаш Нұрпейісов. Ол шараға жұбайының өтінішімен келген.
«Қазы-қарта, май, ірімшік сатып алдық, енді жұмыртқа да аламын. Бүгінгі жәрмеңке жақсы өтті. Баршаға денсаулық, ал балаларға бақыт тілеймін», — деді петропавлдық тұрғын.
Жамбыл ауданының сөрелерінің қасында кезек бір толастар емес. Сатып алушылар өнімнің сапасын жоғары бағалады. Жамбыл ауданының ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімі басшысы Рүстем Дүйсембековтың айтуынша, жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтері қатысты.
«Бүгін біз 35 қойдың, 10 ірі қараның етін, 5 тонна картоп, 10 тонна арпа және 10 тонна астық қалдығын әкелдік. Барлығы 13 ауылдық округ қатысып отыр. Мұнда “ГК-Дорстрой”, “Екпін-2002” серіктестіктері бар. “Мамбетов және К” шаруа қожалығы тіркемелі КамАЗ-пен шөп жеткізді. Жұмысшы кентінде сауда жасап жатыр.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда алаяқтар салық декларациясын сылтау етуге көшті

