Петропавлда өрт сөндіру-құтқару спортынан облыс чемпионаты басталды. Кіл мықтылар жиналған жарысқа 200-ден астам спортшы қатысуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі дода бірнеше сайыс түрінен тұрады. Олардың әрқайсысы бойынша ұпай беріліп, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Сонымен қатар, үздік нәтиже тіркеген спортшылардың аты-жөні қағазға түсіп, бағалы сыйлықтар табысталады.

«Жарыс үш сайыс түрінен тұрады. Олар- оқу мұнарасының төртінші қабатына көтерілу, эстафета және 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру. Басты мақсат — жеке құрамның дайындығын тексеру», — деді СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары Әділ Спаен.
Қазіргі таңда құтқарушылар оқу мұнарасына шығу бойынша мықтыны анықтауда. Бұл сайыста жеңіске жететін спортшыны болжай алмайсың. Кез келген сәтте құлауың немесе қолындағы жабдық түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін қатысушы шапшаң әрі епті болуы тиіс.
Бұл дода — төтеншеліктердің шымырлығын, кәсіби шеберлігін одан әрі дамытуға септеседі. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің мәртебесін арттырып, салауатты өмір салты да насихаталады. Қатысушылардың көбіне сайыс оңайға соқты. Себебі, бұл олардың күнделік істеа жүрген жұмыстары болып саналады.

«Осы салада еңбек етіп жүргеніме он жылдан асты. Еш өкінбеймін. Жарысқа ұзақ дайындалдық. Мұнда тек чемпион болу үшін ғана келдім», — деді Айыртау ауданынан келген өрт сөндіруші Ержан Нәжікенов.
Бәсеке ертең өз мәресіне жетеді.
Тағы оқыңыз: Полтавкадағы өрт: үш адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды