Петропавлдағы көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері әйел адамының өтіне сәтті опеарция жасады. Ота барысында одан тауық жұмыртқасындай ірі тас алынды, деп жазады Qazaqstan Media.
58 жастағы әйел ауруханаға ішінің жоғарғы бөлігінде қатты ауырсыну, жүрек айну, ащы дәм сезіну және жалпы әлсіздік шағымымен түскен. Ауырсыну майлы және қуырылған тағамдардан кейін басталып, бір тәулік бойы басылмаған.
«Дәрігерлердің тексеруінен өткеннен кейін науқасқа өт тас ауруы (холелитиаз) диагнозы қойылды. Ең таңқаларлығы — өт қабында тауық жұмыртқасындай ірі тас анықталды. Дәрігерлер шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады. Хирургиялық операция 1,5 сағатқа созылып, сәтті өтті»,-деп жазылған медициналық ұйымның әлеуметтік желідені парақшасында.
Операцияны хирург дәрігер Алексей Дрюпин және Жамшид Өмірзақов, анестезиолог Альбина Әбішева жасады. Ота кезінде өт қабынан бірнеше тас алынып, науқастың өміріне қауіп төндіретін асқынулардың алдын алды. Қазір пациент үйіне жіберілген.
«Өт қабындағы тастар ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Бірақ кез келген уақытта мынадай ауыр жағдайларға әкелуі ықтимал: өт қабының қабынуы, өт жолдарының бітелуі, сары ауру, холангит, панкреатит, өт қабының жарылуы. Бұл — өмірге қауіпті жағдай. Егер сізде оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, ауыздағы ащы дәм, жүрек айну (әсіресе тамақтан кейін) болса міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз»,- деп ескертеді дәрігерлер.
Тағы оқыңыз: Елімізде «Наурыз жұмыскер» ипотекасына кімдер қатыса алатыны белгілі болды