Петропавлда құрылысы сегіз ай жүргізілген үстел теннисі орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жас спортшымен бір партия ойнады. Сонымен қатар, айтулы күні жасөспірімдер арасында үстел теннисінен облыстық жарыс ұйымдастырылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда ашылып отырған үстел теннисі орталығы әлемдік стандарттарға сай салынған. Жоба құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Бұл Қазақстандағы осындай 10-шы орталық. Оның ашылуына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.
«Жаңа ашылып отырған үстел теннисі орталығы жаппай спортты дамытуға үлкен үлесін қосады деп сенемін. Нысан Республика күні қарсаңында ашылып отыр. Әрі бұл күні үстел теннисінен облыстық чемпионат басталды. Бұл да үлкен мереке. Мен жарысқа қатысушыларға тек жеңіс тілеймін. Қазіргі кезде өңірімізде спортқа көп көңіл бөлініп отыр. Бірнеше жаңа спорт нысандары ашылып, кейбірі күрделі жөндеуден өтті. Мұның барлығы жастар мен балалар арасында спортты дамытуға үлкен мүмкіндік береді», — деді өз сөзінде Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты шара барысында өңір жетекшісі орталыққа су жаңа ГАЗель автокөліктің кілтін сыйға тартты.
Сонымен қатар, өңір жетекшісі жас спортшы Қанат Басеновпен үстел теннисін ойнады.
Жасөспірім бірнеше облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы екен.
«Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде сегізінші сыныпта оқимын. Үстел теннисімен алты жылдан бері айналысамын. Маған спорттың бұл түрі өте ұнайды. Бүгін қаламызда осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Жаңа облыс әкімімен ойнадым. Қобалжу болды, ойын маған өте ұнады», — деп алған әсерімен бөлісті жас спортшы.
Жаңа спорт нысанының құрылысы сегіз ай жүргізілген. Мұнда заманауи талаптарға сай 24 теннис үстелі қойылған.
«Біздің өңірде үстел теннисіне қызығатындар көп. Сол көпшіліктің сұрауымен осы орталық ашылды. Осылайша облыста балалар мен жасөспірімдердің үстел теннисінен спорт мектебі құрылып отыр. Бұған дейін балалар «Барыс» БЖСМ жаттыққан болатын. Жастарымыздың ішінде болашағынан үміт күттіретін спортшылар бар. Аталмыш теннис орталығына сонымен қатар, қала тұрғындары да келе алады. Бірақ, ересектер үшін ақылы болуы мүмкін. Ал балаларға барлығы тегін», — деп отыр үстел теннисінен БЖСМ жетекшісі Ирина Пюрко.
Орталықтың ашылуына орай ұйымдастырылған жарысқа 2010-2012 жылы туған балалар қатысып жатыр. Оған алты аудан мен Петропавл қаласынан 84 спортшы қатысуда.
Тағы оқыңыз: Астанада СҚО-ның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді