Петропавлда «Үміт» спартакиадасы өтуде. Бұл іс-шара мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ұйымдастырылған. Сайысқа облыстың әр ауданынан 330-дан астам спортшы қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Спортшылардың жеңіске деген ұмтылысы, ынтасы тек қана денсаулығына емес, өздері үшін маңызды нәтижеге жетуге деген сенімін көрсетеді. Қатысушылар әр түрлі спорт түрлері бойынша бәсекеге түсті.
«Жарыс 10 спорт түрі бойынша өтіп жатыр. Үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика бар. Облыстың барлық аудандарынан және Петропавл қаласынан командалар қатысып отыр. Ерекшеліктеріне қарамастан, олардың спортқа, жеңіске деген сүйіспеншіліктері ерекше»,-деді жарыстың бас төрешісі Вячеслав Латышев.

Биылғы жылы спартакиадаға қатысушылар санының артқаны байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттың дамып келе жатқанын көрсетеді. Олар физикалық мүмкіндіктерін арттырып, өздерінің жетістіктерін елге танытуда. Мұндай жарыстар спорттың барлық адамдар үшін қолжетімді екенін көрс етеді.

Спартакиадада тек жеңімпаздар ғана емес, барлық қатысушылар сый-құрметке ие болды. Ал, ең үздік командалар мен жеке спортшылар арнайы марапаттарға ие болды.
Тағы көріңіз: Петропавлға су тасқынымен күреске көмекке келген құтқарушылар мен әскери қызметкерлер үйлеріне оралды