Петропавлда мемлекеттік рәміздер күніне орай жеңіл атлетикалық жүгіріс ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқы ассамблеясының өңірдегі өкілдері мен қала тұрғындары қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Жеңіл атлетикалық жүгірісті Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы өткізді. Оған өңірдегі этномәдени бірлестік мүшелері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
«Жеңіл атлетикалық жүгіріс 4-ші маусым күні болатын мемлекеттік рәміздер күніне арналды. Барлығы 40-қа жуық адам қатысты. Қала тұрғындары әлеуметтік желідегі хабарландыруды көріп келіпті. Біз мұндай шараны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта мерекеге орай басқа да шараларды өткізетін боламыз», — деді ҚХА СҚОФ мүшесі, ұйымдастырушы Сәлімхан Сәбитов.
Қатысушылар қалалық саябаққа жиналып, екі шақырым жерді жүгіріп өтті. Шараға зейнеткерлер де, балалар да қатысты. Олардың ең кішкентайының жасы бар болғаны бесте ғана екен.
«Спортты жақсы көремін. Әкем де, ағам да спортпен шұғылданады. Мен биге қатысамын. Саябақта жүгіру болатынын таныстардан білдік. Анама айтып едім, ол қарсы болған жоқ. Үлкендермен бірдей жүгіріп келдім. Маған қиын болған жоқ», — дейді шараның ең кішкентай қатысушысы Әмина Ахметова.
Спорттық шараның соңында жақсы нәтиже көрсеткен үш қатысушыға медаль, дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда су тарифі төмендетілді