Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ашық сабақ өтті
Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ашық сабақ ұйымдастырылды. Ана тіліміздің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған шараға 30 адам шақырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Этномәди бірлестік өкілдері, ұстаздар және жастар үлкен маңызды сабақта бас қосты. Барлығы мемлекеттік тілге құрметпен қарайды. Оны сабақ басында өздерін қазақша таныстырғандарынан-ақ аңғаруға болады.
«Мен белорус мәдени орталығының жетекшісі қызметін атқарамын. Ашық сабаққа келдім. Қазақ тілі өте ұнайды. Әрқашан білімімді арттырғым келіп тұрады. Тілді толық білу — менің мақсатым»,- деді ашық сабаққа қатысушы Мария Татаренко.
Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ашық сабақ өтті
Ашық сабақ үйренуге, меңгеруге құштар әр қатысушыға тиімді болуы тиіс. Сол үшін ұйымдастырушылар ерекше дайындалыпты. Олар біліктілік шыңдалатын шара есте қалу үшін түрлі тәсіл қолданбақ.
«Бұл сабақ сайыс түрінде өтеді. Қатысушыларға мемлекетке, мемлекеттік тілге байланысты әртүрлі сұрақтар қоямыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты да сауалдар қойылады. Шара соңында шақырылған қонақтардың барлығына сертификат пен тәттілер ұсынылады»,- деді ашық сабақ жүргізушісі Юлия Родионова.
Облысымызда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған жиындар мұнымен аяқталмайды. Негізгі шаралар қыркүйектің бесінші жұлдызында ұйымдастырылмақ.