26 қазан күні Петропавл қаласында қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлау өтуде. Қалада екі округ бойынша барлығы 24 сайлау учаскесі ашылған. Бұл жолы алты кандидат, әр округтен үш үміткерден, сайлауға қатысуда. Өз таңдауларын жасауға 32 мыңнан астам петропавлдық қатысады деп күтілуде, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавлда Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутатын сайлау өтіп жатыр. Бұл сайлау №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша өткізіліп отыр. Бұрын осы округтен сайланған Павел Булаевтың орны босаған болатын. Ал қалалық мәслихат депутаты, дәрігер Сергей Зуев басқа өңірге қызметке ауысуына байланысты өз өкілеттігін тоқтатқан.
Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында орналасқан №577 сайлау учаскесінде бүгін шамамен 1500 сайлаушының дауыс беруі күтілуде.

Сайлау комиссиясының төрағасы Көгершін Бердағұлованың айтуынша, дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталған.

«Біздің учаскеде жеті адамнан тұратын комиссия жұмыс істеп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған – арнайы кабинка мен аудионұсқаулық бар. Қазіргі уақытта сегіз адам үйден дауыс беруге өтініш білдірді. Оларға екі комиссия мүшесі мен полиция қызметкері барып, бюллетеньдерін жинап келді», – деді ол.
Бұл учаскеде 10 адам алғаш рет дауыс беруге қатысуда.
Сайлау тек Петропавлда ғана емес, Шал ақын, М. Жұмабаев және Тайынша аудандарында да өтіп жатыр.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі жауапты органдардың қысқа дайындығын тексерді

