Петропавлда әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан тұрғын жауапкершілікке тартылды. Оған 173 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сот анықтағандай, Я. есімді тұрғын биыл қаңтар айында «Instagram»-да пайдаланушысы Қызылжар аудандық полиция қызметкерлерінің қызметі туралы жалған ақпарат таралған пікір қалдырған.
Аталған ақпарат өрт туралы жаңалықтың астына жарияланып, ұзақ уақыт бойы ашық қолжетімділікте болған. Бұл белгісіз тұлғалар тобының оның мазмұнымен танысуына мүмкіндік берген. Сот жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. Себебі тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндет шеңберінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуды жүзеге асырған. Ал өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау өзге мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады.
«Сот қаулысымен Я. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 173 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», — деп мәлімдеді Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да былтыр 70 адам қызылшамен ауырған

