Петропавлда құтқарушылар екі қабатты үйдің шатырында кептеліп қалған мысықтың баласын құтқарып қалды. Екі сағат бойы олар желдету шахтасында қалып қойған марғауды аман алып қалу үшін әрекет етті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Тауфик Мұхмед–Рахимов көшесіндегі үйлердің бірінде марғау желдету шахтасына түсіп кеткен. Ол туралы 112 номеріне тұрғындардың бірі хабарлап айтқан. Қаңғыған мысықтың баласы шатырдан қайта шыға алмай қалыпты. Оқиға орнына 4 құтқарушы келіп, құтқару операциясына кіріседі.
«Көмек сұрап қоңырау шалған әйел, басында мысықты өз күшімен құтқармақ болыпты. Бірақ,шамасы жетпеген. Біз шатырдың ішіне көтеріліп, желдету шахтасын қопара бастадық. Төселген топырақты қазып, пластмасса бөлігіне дейін қопардық. Сосын құбырды мысық сыятындай етіп ойдық. Кейін оны қолымды салып, алып шықтым»,-дейді СҚО ТЖД құтқарушысы Мейрамбек Қозыбаев.
Құтқарушының айтуынша, желдету шахтасына түскен марғауды көмек сұрап хабарлаған тұрғын асырап алып қалған.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда Төтенше жағдайлардың алдын-алу комитеті құрылды