Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық пысықталып жатыр. Баспаналар мен нысандардың дайындығынан бөлек Петропавлдағы ЖЭО-ның әзір болуы да маңызды. Қыркүйектің соңында мұнда жаңа мұржа іске қосылады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жергілікті атқамінерлер алдағы қысқа дайындық туралы айтты. Облыс орталығына жылу таратып отырған орталық станцияда қазандықтар мен жылыту агрегаттары күрделі жөндеуден өткен. Ал, 2022 жылдың наурызында құлаған мұржа биыл қыркүйек айында іске қосылады. Орталыққа көмір де кестеге сай жеткізілуде.
«ЖЭО-2 қоймасында 16 тәулікке жететін 86 мың тонна көмір бар. Жолда тағы 102 тәулікке жететін тоғыз мың тонна және 1124 тонна мазут жеткізілуде. 20-шы қыркүйек күні 20 күндік көмір қоры дайындалады»,- деп отыр СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Данияр Қуанышаев.
Шенеуніктің брифингте берген есебіне сенсек, облыстағы барлық әлеуметтік нысандар жылыту масумына 100 пайыз дайын. Көпқабатты үйлердің 62 пайызы ғана құбырларды жуып-шайып және қысымдарын тексеріп үлгерген.
Ал, жеке тұрғын үйлер үшін облыстағы теміржол тұйықтарында 60 мың тонна көмір бар екен. Петропавлда 2,3 мың тонна. Жуық арада тағы бірнеше тонна көмір жеткізіледі. Қара отынның бағасы көмірдің маркасына қарай 12 мен 25 мың теңге шамасында.
Жалпы 2025-2026 жылдың қысын жылы өткізу үшін облысқа 40,8 млрд теңге бөлінген. Оның 34 млрд жеке инвестиция.
Тағы оқыңыз: Аққайың ауданында әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 20 баспана салынуда